Ақмола облысында мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту жоспарланған

КӨКШЕТАУ. ҚазАұқпарат - Ақмола облысында мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту жоспарланған. Бұл туралы облыстық білім басқармасы Мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Әсемгүл Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Ақмола облысында мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту арқылы білім беру ұйымдарына ерекше жағдайларды, инновацияларды, балалармен жұмыс істеудің жаңа технологиялары мен әдістерін қарқынды енгізуге үлкен мән беріліп отыр.

«Баршаға сапалы білім беру» ұлттық жобасын орындау шеңберінде 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру мақсатында 2022 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес 1240 жаңа орын ашу жоспарланып отыр. Нақтырақ айтсақ, 1016 орындық 9 мектепке дейінгі ұйым ашу, 9 мектепке дейінгі ұйымды 224 орынға кеңейту, 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды қамтуды ұлғайту үшін 10 балабақшаны бөбекжай-балабақшаға айналдыру жоспарланған.

«Қазіргі таңда білім беру саласының дамуына жаңа талаптар қойылып отыр. Сол себепті, бүгінгі күні балабақшалар өз келбетін қарқынды өзгертуде. Облыста барлығы 601 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бұл 29450 бала баратын 257 балабақша және 6308 балаға арналған 344 шағын орталық», - деді Әсемгүл Сүлейменова.

Мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы атап өткендей, 2021 жылы облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында 1122 жаңа орын құрылды. Оның ішінде 784 орындық 14 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылды және 338 орындық 15 мектепке дейінгі ұйым кеңейтілді. Бұдан бөлек, 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту үшін 39 балабақша бөбекжайға ауыстырылды.

«Құрылған қосымша орындар жоспарланған нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуге және 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі күні 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды ең көп қамту Қорғалжын (97,4 пайыз), Егіндікөл (96,6 пайыз), Жақсы (94,4 пайыз), Біржан сал ауданында (93,6 пайыз), Сандықтау ауданында (93 пайыз) байқалады», - деп толықтырды Әсемгүл Сүлейменова.

Мектепке дейінгі білім беруде мектеп табалдырығын аттағанға дейін баланың жан-жақты даму мәселелері шешіледі. Бизнеспен серіктестікті дамытудың, білім бөлімдерінің тиімді және үйлесімді жұмысының арқасында мектепке дейінгі ұйымдар желісі кеңейтілуде.

«Айта кетсек, 257 балабақшаның 120-ы жеке меншік, яғни олардың үлесі 46,7 пайызды құрайды. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар желісін белсенді дамыту Целиноград, Бурабай, Аршалы аудандары мен Көкшетау қаласында іске асырылды. Сондай-ақ, Шортанды, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласында 1706 орындық 7 балабақшаның құрылысы жалғасуда», - деп түйіндеді Әсемгүл Сүлейменова.