Ақмола облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген қылмыскерлер ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген үш қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қылмыстың алдын алу мақсатында 12-15 желтоқсан аралығында «Құқықтық тәртіп» шарасы өткізілді. Шара барысында мемлекетаралық іздеуде жүрген үш қылмыскердің орналасқан жері анықталды.

«Щучье қаласының аумағында Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны ұсталды. Оған Семей қалалық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-тармағы бойынша іздеу жариялаған. Ұсталған адамға ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде шара қолданылды. Сонымен бірге, ҚР ҚК 107-бабының 1-бөлігі бойынша Қостанай облысы ПД Бейімбет Майлин аудандық ПБ іздеуде жүрген тағы бір қылмыскер, Ресейдің Қорған қаласы тумасының орналасқан жері анықталды. Ол Көкшетау қаласындағы уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Бұған қоса, тәртіп сақшылары ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі бойынша мемлекетаралық іздеуде жүрген Астана қаласының тумасын да тапты», - деді ведомстводан.

Полиция департаменті баспасөз қызметінен атап өткендей, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында жазасын түрмеде өтеп шыққан, «Педофил» санаты бойынша полиция бөлімінде есепте тұрған облыс тұрғынының орналасқан жері анықталды.

Айта кетсек, Көкшетауда із-түзсіз жоғалған 38 жастағы әйел іздестіріліп жатыр.