Облыстық ішкі саясат басқармасынан мәлім еткендей, іс-шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Өңір басшысы барлық қатысушыларды мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің әрбір қазақстандықтың өміріндегі маңызын атап өтті.
«Келесі жыл Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы аясында өтеді. Мемлекет басшысы 2020 жылы мемлекеттік рәміздерді қолдану бөлігінде заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасады. Енгізілген өзгерістердің нәтижесінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Мемлекеттік т уды пайдалану саласы заңнамалық түрде кеңейтілді. Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау - еліміздің әрбір тұрғынының азаматтық борышы және мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев өз сөзінде.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әмренова мемлекеттік рәміздерді қолдану және дәріптеу жұмыстары туралы айтып берді. Оның сөзінше, м емлекеттік рәміздердің маңыздылығы өңірде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өткізілетін көптеген әлеуметтік бағдарламалар мен жобалардың негізіне алынған. Өткен жылдан бастап мемлекеттік рәміздерді пайдалана отырып, үш мыңнан астам патриоттық іс-шара өткізілді.
Тұрғындар арасында «Менің Туым, менің Отаным!» акциясы кеңінен қолдау тапты. Акция барысында облыстың 200-ден астам тутұғырларында жаппай ту көтерілді. Белсенді жастар 10 мыңнан астам қол жалаушаларын тарату бойынша акциялар ұйымдастырды. Тұрғын үйлердің терезелері мен балкондарында, 87 кәсіпорында, туристік, әлеуметтік және ойын-сауық нысандарында үш мыңнан астам мемлекеттік ту орналастырылды.
Жиын халықаралық аренада Қазақстанның атын шығарып жүрген ақмолалықтарға алғыс хаттарды табыстау рәсімімен аяқталды. Марапатталғандардың қатарында даңқты чемпион, еңбек сіңірген спорт шебері Дина Жоламан бар. Жақында ғана ақмолалық қыз Біріккен Араб Әмірліктері елінен жеңіспен оралды, онда ол бокстан Азия чемпионатында алтын жүлдені жеңіп алды.