Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 тамызда Целиноград аудандық полиция бөліміне патрульдік полиция ротасының қызметкері хабарласады. Ол Қарамеңді батыр мен Арайлы ауылдары арасында, «Екатеринбург – Алматы» автожолының 1212-шақырымында Ақтөбе қаласының 32 жастағы тұрғыны «Toyota Estima» автокөлімен «Raсer» мотоциклін қағып кеткенін айтқан.
«Жол апатынан мотоцикл жүргізушісі – Жаңаесіл ауылының 25 жастағы тұрғыны мен оның жолаушысы – Новоишимка ауылының тұрғыны, 25 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайларын анықтап жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, 2022 жылдың басынан бері облыста Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 593-бабы (ҚР жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамау) бойынша 11 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін 2 106 әкімшілік хаттама толтырылған.
Еске сала кетейік, Ақмола облысында жол апатынан зейнеткер көз жұмған болатын.