Ақмола облысында мүлікті жымқыру мен алаяқтығы үшін шенеунік сотталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысы Аршалы ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Аршалы ауданы ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысы Ж. мен Н. есімді сыбайластарына мемлекет меншігіндегі газ тарату станциясының ғимаратын бөліп алуды ұсынған. Оған рұқсат алу үшін олардан 12 миллион теңге сұрайды.

«Айыпталушы алдын ала төлем ретінде 4 млн теңге алып, бөлу құқығын беру туралы жалған анықтама жазған. Бірақ кейінірек оларға объектіні бөлудің орнына жалға алуды ұсынған және олармен 30 жылға мүліктік басқару шартына қол қойып, бұл үшін көбірек ақша талап еткен. Осылайша, Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары бойынша – қызметтік ережені пайдалана отырып, ірі көлемде алаяқтық жасады», - деп хабарлады соттан.

Одан бөлек, айыпталушы танысынан 11 млн теңге қарыз алған. Кепіл ретінде ТКШ бөлімінің балансында тұрған генератор қондырғысын қойған. Бұл – ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында жазылған «сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру». Мемлекетке 1 млн 322 мың теңге материалдық шығын келген.

«Жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, тексеру хаттамалары және айғақтарды нақтылау арқылы, құжаттарды алу және қарау хаттамасы, қабылдау-тапсыру актісі, тексеру хаттамасы, сарапшылардың қорытындылары, аудиторлық есеп арқылы айыпталушының кінәсі дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде сот оның жас балаларының болуын ескерді және мемлекеттік қызметші антын бұзып, қылмыстық құқықбұзушылық жасағанын да назардан тыс қалдырмады», - деп түсіндірді ведомстводан.

Аршалы аудандық сотының үкімімен экс-шенеунікке бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол сондай-ақ, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.