Ақмола облысында өрістегі қойды қаладан келіп ұрлағандар ұсталды
05:22, 02 Қазан 2019
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Қорғалжын ауданы аумағындағы жайылымнан 12 қойды ұрлаған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 30 қыркүйекте жергілікті ЖШС аумағында мал ұрланғаны туралы арыз түскен. Дегенмен, жедел іздестіру шарасы барысында күдіктілер бір тәуліктің ішінде анықталып, қолға түсті. Олар Қорғалжын ауданы және Нұр-Сұлтан қаласының үш тұрғыны.
«Белгілі болғандай, ұрылар Үшсарт ауылы маңындағы шаруашылықтың жайылымынан байқаусыз қалған 12 қойды көлікке салып ұрлап әкеткен», дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Қазір осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.