КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында болған өрт 26 жастағы жігіттің өмірін қиып кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі аймақтық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТЖД мәліметі бойынша, қайғылы оқиға Қосшы ауылында 7 наурыз күні сағат 10:46 шамасында орын алған.
«Өрт № 5-ші өндірістік аймақтағы «Металл КОН» ЖШС аумағында орналасқан ангарда тұрған вагоннан шықты. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖБ жеке құрамынан 10 адам және 2 арнайы өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Оқиға орнынан 1991 жылғы ер адамның мүрдесі табылды», деп көрсетілген хабарламада.
Аслан Оспанов
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.