Ақмола облысында өтетін Президент шыршасына 200 бала қатыспақ
Ағымдағы жылдың 26 желтоқсанында Бурабайдағы «Rixos Borovoe» қонақ үй кешенінде «Жаңа жылдық алаулар ЭКСПО-2017» тақырыбымен өтетін шыршаға облыстағы 17 аудан мен 2 қала, балалар үйінен, 4 облыстық арнайы түзету мектеп-интернаттарынан, 3 дарынды балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаттарынан, жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу облыстық орталығынан, мүгедек балаларды қолдау қауымдастығының оқу үздіктері, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың 9 жастан 13 жас аралығындағы 200-ге жуық бала қатысатын болады.
Президент шыршасына қатысатын балалар үшін 25 желтоқсан күні «Лапландия» Аяз Атаның резиденциясына саяхаты және ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады. Ал, кешкісін балалар «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында мәдени шараларды тамашалайды.
26 желтоқсан күні сағат 11.00-де «Rixos Borovoe» қонақ үй кешенінде 25 Аяз ата мен 25 Ақша қар балалардың көңілдерін көтереді. Одан əрі залда «Достықтағы күш және балалардың бірлігі» атты жаңажылдық театрланған көрініс қойылып, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бейне құттықтауының көрсетілімі өтеді. Балаларды Ақмола облысының әкімі С.В.Кулагин құттықтайды.
Жаңажылдық шыршаның ертегілік көрінісі тәтті үстелмен және ескерткіш сыйлықтарын тапсырумен аяқталады деп жоспарланған.