Ақмола облысында өткен сегіз айда 94 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды

None
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облысы бойынша ағымдағы жыл басынан бері 94 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген,

өсім өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 45,7 пайызға тең, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық статистика департаментінің деректеріне сілтеме жасап.

Осы уақыт аралығында тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру мақсатына 3 506,4 миллион теңге инвестиция тартылған. Мемлекеттік маңызды істі оңтайландыру нәтижесінде әр шаршы метр баспананың орташа бағамы 35,4 мың теңгеден айналып отыр. Жыл ішінде пайдалануға берілген баспаналардың 63 пайызы жекелей үй салушылар үлесіне тиесілі, 14 пайызы мемлекеттік ұйымдар еншісінде. Тұрғын үй құрылысына тартылған қаржының екі миллиард 6 миллион теңгесі кәсіпорындар, ұйымдар мен тұрғындар есебінен, 371,3 миллион теңгесі республикалық бюджеттен, 23,3 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылып отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда тұрғын үй салу жұмыстары Қорғалжын ауданында 5,6 есеге, Ерейментауда-3,9, Шортанды ауданында 2,4 есеге, Көкшетау қаласында 3 есеге артқан.