Ақмола облысында пара алған ТҮКШ бөлімінің басшысы сотталды
Сот анықтағандай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы заңсыз іс-әрекет жасаған. Атап айтқанда, ЖШС-нің менеджерінен мердігерлік жұмыстарды алуына жәрдем көрсеткені үшін 2 000 000 теңге сомасында пара алған.
"Сот үкімімен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігімен (пара алу) кінәлі деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен, мемлекеттік қызметте лауазымдық қызметтерді атқару құқығынан өмірбойына айыра отырып, жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеумен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", деп көрсетілген хабарламада.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың маусым айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар ұлттық бюросының Ақмола облысы бойынша департаменті Бурабай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ə.Елемесовті ұстаған болатын.
Тергеу амалдары барысында Ə.Елемесовтің Щучье қаласы автожолдарының бойындағы көгалдандыру бойынша субмердігерлік жұмыстарға қол жеткізуге көмек көрсетуі үшін заңды тұлғадан 2 000 000 теңге көлемінде пара алғаны мəлім болған еді.