Ақмола облысында полицейлер өз ұлын өлтірген әйелді ұстады

None
АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат - Полицейлер өз ұлын өлтірген әйелді ұстады, деп хабарлады Ақмола облысы ІІД-нің баспасөз қызметі.

Ақмола облысының Бұланды ауданындағы Донецкое ауылында 1959 жылы туылған ер адамның мәйіті табылды. Белгілі болғанындай, оған 73 жастағы анасы пышақ салған. 22 наурызда анасы ұлымен бірге Наурызды атап өтпек болған. Спирттік ішімдіктер мол болған кешкі ас үстінде әйел ұлымен сөзге келіп қалып, ашу үстінде кеудесіне асханалық пышақты сұғып алған.

Бұл ер адам бұрын да спирттік ішімдікке әуес болған екен. Сот-медициналық сараптама ер адамның қан көп кетуінен көз жұмғанын анықтады. Зейнеткер әйелге қатысты 2-бөлім 103-баппен «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін» қылмыстық іс қозғалды.