Polisia.kz порталының мәліметінше, 24 шілде күні Ақмола облысының Жарқайың аудандық полиция бөліміне аудандық ауруханаға 31 жастағы жергілікті екі тұрғын іш қуысына сұғылған пышақ жарақатымен жеткізілгені туралы хабарланған.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер зардап шеккендердің денсаулығына ауыр зиян келтірген күдіктіні анықтады. Ол бұрын бопсалаушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған Нұр-Сұлтан қаласының 33 жастағы тұрғыны болып шықты. Оқиға аудан орталығындағы ойын-сауық мекемелерінің бірінің аумағында ұрыс-керіс кезінде болған.
Полиция бөлімі аталған факті бойынша ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша тергеу бастады. Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі процестік бұлтартпау шарасы таңдалды», - деп атап өтеді портал.