«Өткен жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің өзектілігі мен маңызы заңнамалық деңгейде айқындалған. Комплаенс қызметі мамандарының басты міндеттерінің бірі - құқық бұзушылықтың алдын алу және ұйымның имиджін қорғау. Бұл құрал квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға, сондай-ақ компаниялар ұжымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты мінез-құлық үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп санаймыз», - деп атап өтті «Antikor ortalyǵy» алаңында Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев.
Семинарға қатысқан ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеу жөніндегі зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Рысбекова сөз сөйледі.
Ол жиында стандарттау халықаралық ұйымы әзірлеген ISO 37001 «Парақорлықпен күрес менеджменті жүйесі» халықаралық стандарты туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
ISO 37001 стандарты 2016 жылдың қараша айында жарық көрді.
Оны әзірлеуге 44 елден 80-нен астам сарапшы тартылып, үздік әлемдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибелер қолданылды.
Ол ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін енгізу, қолдау және жақсарту жөніндегі егжей-тегжейлі талаптар мен ұсынымдардың жиынтығын білдіреді.
«Стандартта сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесі, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимылға және ұйымның корпоративтік мәдениетін жақсартуға бағытталған шаралар мен бақылау рәсімдерінің тізбесі толық айқындалғанын атап өткім келеді», - деп хабарлады Жанар Рысбекова.
Кездесу соңында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс формалды механизм емес, шын мәнінде жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.
Мұнда бәрі әр ұйым басшылығының еркі мен күш-жігеріне байланысты.