Ақмола облысында таксисті өлтіру қылмысының беті ашылды

None
АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ақмола облысының полицейлері таксисті өлтіру қылмысын ашты.

Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Атап айтқанда, Бұланды ауданының полициясына жәбірленушінің анасы арызданып, желтоқсан айының басында оның 34 жастағы ұлы өзінің «Лада Приора» автокөлігімен кеткеннен бері оралмағанын хабарлайды.

Бірнеше күннен кейін Ақмола облысы ІІД полиция қызметкерлері бағдар бойынша Солтүстік Қазақстан облысында Кішкенекөл ауылындағы дәмхана жанында осы көлікті табады. Көлікті жүргізген Щучинск қаласының бұрын ұрлық пен алаяқтығы, көлік ұрлағаны үшін сотталған 24 жастағы тұрғыны болды.

«Ұсталғанның жауабы бойынша ол желтоқсан айының басында Макинск қаласында темір жол вокзалының жанында Щучинскіге дейін такси жалдайды. Жол барысында жанжал туындап күдікті жүргізушіні ұрып-соғып, тұңшықтырып өлтіреді. Мәйіттен құтылу үшін жәбірленушіні Қызылұйым ауылының жанына қарға көміп кетеді»,-делінген ІІМ мәліметінде.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қасақана кісі өлтіргені үшін  тергеу амалдары жүргізілуде.