Ақмола облысында түлек ҰБТ-ға телефон және шпаргалка өткізбек болған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында түлек ҰБТ-ға телефон және шпаргалка өткізбек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, облыста ҰБТ тапсыратын 11 пункті жұмыс істейді. Оның үшеуі Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орындарында ұйымдастырылған, онда Аршалы, Қорғалжын және Целиноград аудандарының түлектері тест тапсырады. ҰБТ тапсыру барысында санитарлық талаптар қатаң сақталған.

«Пандемия кезінде ҰБТ сапалы және ойдағыдай өткізу үшін әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан түлектерді санитарлық талаптарды сақтай отырып тест тапсыру орындарына тасымалданады. ҰБТ тапсыру орындары дене қызуын өлшейтін және залалсыздандыратын құралдармен, санитайзер және бетпердемен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген. Түлектер бір-бірінен екі метрдей арақашықтықта отырады. Ол үшін арнайы ленталар тартылған», - дейді ведомстводан.

2020 жылдың 21 маусымында Степногорск қалалық №6 мектеп гимназиясы және Есіл қалалық №3 орта мектебі базасында ҰБТ өтті. Бұған бастапқыда 188 түлек қатысатыны жоспарланғанмен, кейін төртеуі бас тартып, 184 түлек қатысты.

«Қатысушыларды тестілеуге жіберу барысында бір түлек телефон және шпаргалка әкелгені үшін тестілеуге жіберілмеді. Тағы бір түлек ереже бұзғаны үшін тестілеуден қуылды», - деп толықтырды ведомстводан.

Еске сала кетейік, жалпы биыл Ақмола облысында 4515 түлек мектеп бітірсе, оның 3718 ҰБТ тапсыруға өтініш берген.