Ақмола облысында Ұлттық домбыра күніне орай күйшілер сайысы өтті
Ақмола облыстық Мәдениет басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, күй өнерін Құрманғазының музыкалық мұрасы, халық шығармашылығының жанры ретінде сақтау және дәріптеу, сондай-ақ домбыраны қазақ халқы тарихының ажырамас бөлігі ретінде насихаттау, кәсіби шеберлікті арттыру, тәжірибе алмасу және жаңа таланттарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған байқау екі кезеңнен тұрды.
«Алғашқы іріктеу кезеңіне Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Бұланды, Бурабай, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын, Шортанды аудандары мен Степногорск, Қосшы және Көкшетау қалаларынан 18-35 жас аралығындағы 20-дан астам күйші қатысып, бақ сынады. Мықты деген 12 күйші ақтық сайысқа жолдама алды», – деді ведомстводан.
Байқауға Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Сәкен Біржанов, республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен лауреаттары Саят Бабаев және Бауыржан Балтин қазылық етті.
Басқарманың баспасөз қызметінен атап өткендей, «Күмбірлеген күміс күй» облыстық күйшілер байқауының жүлдегерлері 2 шілдеде Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра» атты флеш-моб-та марапатталады.
Аталған шарада 1,5 мыңға жуық ақмолалық кәсіби домбырашы, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К.Күмісбеков атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, домбырашылар ансамблі мен күй мектебінің шәкірттері бірлесіп, қазақ халық композиторларының күйлерін орындайды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысындағы өткен аламан бәйгеде 8 жастағы шабандоз бірінші орын алғанын жазған едік.