Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық ертегілер кейіпкерлерімен безендірілген көлік керуені Көкшетау қаласының орталық көшелерімен жүріп өтті. Ерекше керуен «Тәуелсіздік» алаңынан басталып, қаланың шеткі аудандарына дейін барды.
«Қазақ ауыз әдебиетінің сонау дәуірден келе жатқан рухани қазынасының бірі – ертегі. Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы халық ертегілерінде көрініс табады. Ертегімен балаға тәрбие беріп, салт-дәстүрін сол қалпында сақтап қалған. «Ұлттық ертегілер керуені» street fest ұйымдастырудағы мақсат - ертегілердің халық ауыз әдебиетінде ең маңызды орын алатын рухани қазынасы екенін насихаттау», - дейді Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасы баспасөз қызметіндегілер.
Шара барысында Қаңбақ шал, Жалмауыз кемпір, Ертөстік және Алпамыс тәрізді ертегі кейіпкерлері көкшетаулықтар мен қала қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтап, мерекелік көңіл күй сыйлады.