«Өңірде 3892 орындық сегіз мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Целиноград ауданындағы Қосшы ауылында 1200 орындық, Максимовка ауылында 300, Өтеміс ауылында 120 және Раздольное ауылындағы 80 орындық екі мектеп бар. Аршалы ауданында Жібек Жолы және Жалтыркөл ауылдарында 300 орындық екі мектеп, сондай-ақ, облыс орталығында 392 орынға арналған оқу – тәрбие кешені салынуда», - деді Ермек Маржықпаев.
Аймақ басшысының айтуынша, биыл Көкшетаудағы №1 және №4 орта мектептерге 600 және 360 орындық қосымша оқу корпустарын пайдалануға беру жоспарлануда.
«Жалпы, өңірде үш ауысымды оқыту мәселесін алдағы екі жылда шешуді жоспарлап отырмыз», – деді Ермек Маржықпаев.
Сонымен бірге, әкім «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы және «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша облыста алғаш рет 10 миллиард теңгеге 147 білім беру нысаны жөнделгенін атап өтті.