Ақмола облысында үш ауысымды оқыту мәселесі қалай шешілуде

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын орындау аясында мектептерде үш ауысымды оқытуды жою бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмола облыстық білім басқармасының мәліметінше, соңғы бірнеше жылда өңірде мектептер салынып, жаңа мекемелер мен оқу корпустарының құрылысы жалғасуда. Тек өткен жылы Целиноград ауданы Раздольное ауылында 80 орындық мектеп, Көкшетау қаласында 600 және 360 орындық қосымша оқу корпустары салынды.

«Бүгінде өңірде 4500 орындық 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде Целиноград ауданының Шұбар, Аршалы ауданының Жібек жолы және Жалтыркөл ауылдарында әрқайсысы 300 орындық, Қосшы және Көкшетау қалаларында әрқайсысы 1200 орындық 2 мектеп бар. Сонымен қатар, 2022 жылға облыстық бюджеттен 600 орындық Целиноград ауданының Қаражар ауылында мектеп салу үшін жобалық сметалық құжаттамасын және мемлекеттік сынамасын әзірлеуге қаражат бөлінді», - деді ведомствоның оқу-материалдық базасын нығайту және дамыту бөлімінің басшысы Әсет Дүйсембаев.

Еске сала кетсек, 2022 жылы оқушылар санының артуына байланысты үш ауысымда оқыту 7 мектепте жүргізіледі. Оның 1-уі Көкшетау қаласында, 4-уі Целиноград ауданында және 2-уі Аршалы ауданында. Облыс мектептерінде үш ауысымды оқыту мәселесін 2024 жылға дейін шешу жоспарланып отыр.