Ақмола облысында үздік келін анықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында «Келін - отбасымыздың ырысы» атты келіндері байқау өтті. Сайысқа қатысушылар салт - дәстүрді, мәдениет-тұрмыс әдет-ғұрыптарын паш етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аудандық ішкі саясат бөліміне сілтеме жасап.

Қыз бала бой жетіп, ақ босағадан аттап, бір үйдің, бір әулеттің келіні атануы - ежелден келе жатқан қазақ дәстүрі. Ұлттық тәрбиені өн бойына дарыта алған қыз бала сол әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағын биіктетіп, ауыл-аймаққа қадірлі болып кетеді. Қазақ келіні қашан да отбасындағы ауызбіршіліктің ұйытқысы болған.

«Келіндер байқауының басты мақсаты да - осы ұлағатты салт-дәстүрімізді жалғастыру, қазақ келіндерінің бейнесін дәріптеу, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету. Ұлттық киім киіп шыққан келіндер сахна төрінде бесік тербетіп, бесік жырын айтты. Әр нөмірде қатысушылар отбаслық құндылықтарды насихаттады», - деп атап өтті Целиноград аудандық ішкі саясат бөліміндегілер.

Байқауға Аршалы, Астрахан, Целиноград, Қорғалжын, Ерейментау және Ақкөл аудандарынан келген келіндер қатысып, бақтарын сынады.

Жеңімпаздар «Менің отбасым - менің бақытым!», «Он саусағынан өнер тамған...», «Келін болудың сырлары», «Ұлт тәрбиесінің сақшылары» және «Өнерлінің өрісі кең» сияқты кезеңдер бойынша анықталды.

Сайыс қорытындысы бойынша төрт келін «Өнерлі келін», «Шебер келін», «Көркем келін» және «Білімді келін» аталымдары бойынша жеңімпаз деп танылса, Целиноград ауданы атынан қатысқан келін Өмірхан Разыхан 3-ші дәрежелі лаурет атанды. Екінші орынды ерейментаулық Әмина Омарова, бірінші орынға аршалылық Айдана Сембиева ие болды. Ал Гран-при тағы бір Целиноград ауданының келіні Жанна Саринаға берілді.