Ақмола облысында заманауи спорт кешені ашылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту ретінде Степняк қаласында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Біржан сал ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Ермек Маржықпаев жаңа нысанның ашылуына қатысты. Жалпы, ауданы 1,6 га болатын спорт нысанында жаттығу, күрес залдары бар, волейбол, баскетбол және футбол үйірмелері жұмыс істейді. Нысан қажетті жиһаз және спорттық құралдармен жабдықталған.

«Облыста спорт инфрақұрылымдарының аясын кеңейтуге үлкен көңіл бөлінуде. Қазіргі заманғы спорт алаңдары, стадиондар салынуда, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен жүзу бассейндері пайдалануға берілуде. 2020 жылдың басынан бері спорт ғимараттарының саны 39 – ға артты. Өзінің жақсы спорттық дәстүрлерімен әйгілі ұлы Біржан салдың отанында облыстың жетекші спортшылары тәрбиеленді. Одардың қатарында Президенттік көпсайыстан спорт шебері, Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы Игорь Усанин, республикалық жарыстардың жүлдегері Ольга Даринская. Ауданда бұқаралық спорт та тиісті деңгейде дамуда. Ауданда халықтың 30,7 пайызы жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен айналысады», - деп атап өтті аймақ басшысы.


Айталық, соңғы 10 жылда 6 ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді, облыстың 3 ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Еске сала кетейік, 2020 жылы Біржан сал ауданындағы Аңғал батыр ауылында 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы және су құбыры желісін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Казгородок орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Степняк қаласындағы стадион жаңартылды. Биыл екінші 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Облыстық бюджеттен ауданның 9 елді мекенін сумен жабдықтауды жақсарту және аудан орталығының көшелерін жөндеу сияқты жұмыстарға (8 шақырым) 1,3 миллиард теңге қаржы бөлінді.