Ақмола облысында жаңа спорт нысандары тұрғындарды қуантуда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында дене шынықтыру және спорт кешендері, спорт залдары мен алаңдары жөнделіп, жаңасы салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Спорт нысандары мемлекеттік бағдарлама шеңберінде абаттандырылуда. Жақында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде Атбасар ауданында футбол алаңы мен «Локомотив» орталық стадионында жүгіру алаңына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Мердігерлер жанкүйерлер отыратын орындарға цемент құйып, сыртқы және ішкі қабырғаларын әріледі, пластик орындықтар орнатылды. Жасанды жүгіру алаңы төселді.

«Қаламыздың құлпырып келе жатқандығы қуантады. Аудан орталығындағы стадион балалар мен ересектер спортпен шұғылданатын жалғыз спорт нысаны. Күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуын асыға күттік. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отырғандығы қуантады», - дейді Атбасар ауданының тұрғыны.


Сонымен қатар, стадион аумағында модульді жабық корт салынды. Жаздыгүні мұнда жасанды жабындыда футбол ойнаса, қыстыгүні мұз айдыны ретінде хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-трекпен айналысуға болады.

Осындай спорт нысаны Есіл ауданында да ашылды. Аудан тұрғындарына сый ретінде орталық стадион жөнделді.

Айталық, облыста 19 стадион жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Шортанды және Біржан сал аудандарында спорт нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.