Ақмола облысында «жасырын алтын іздеген» полицейлер ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Сот «Қазақалтын» ТМК АҚ кеніші шахталарының бірінде алтын рудаларын заңсыз қазып алуға қолдау білдірді деген күдікке іліккен полиция қызметкерлерін екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетау қалалық сотының тергеуші судьясы 6 күдіктіге қатысты 2 ай - 14 наурыздан 13 мамырға дейін қамауда ұстау бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берді.

«Қамауға алуға осы лауазымды тұлғалардың ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілігуі негіз болды. Заңда ондай қылмыс үшін 5 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Ал күдіктілер егер тергеу кезінде бостандықта жүрсе, қылмыстық істің объективті тексерілуіне кедергі жасауы мүмкін», - деді сот баспасөз қызметінің өкілдері.

Еске сала кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҰҚК-мен бірлесе отырып, Ақмола облыстық ІІД-нің лауазымды тұлғаларын «Қазақалтын» ТМК АҚ кеніші шахталарының бірінде алтын рудасын заңсыз қазып алуға қолдау білдірді деген күдікпен ұстаған болатын.

Ведомство берген мәліметтерге қарағанда, қылмыстық топтың құрамына Степногорск ІІБ бастығының орынбасары Т. Дүйсенбаев, Ақсу кенті полиция бөлімінің бастығы С. Бибатыров, Бестөбе кенті полиция бөлімінің бастығы Д. Айнагелдинов, Степногорск ІІБ жедел уәкілдері А. Жекібаев пен А. Кулушев, сондай-ақ дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанатындар да кірген.