Полицейлердің дерегі бойынша жол-көлік оқиғасы ағымдағы жылдың 17 қаңтарында түнгі уақыт 22:45-тер шамасында Аршалы ауданы Жібек жолы аулының маңынан өтетін «Алматы-Екатеринбор» тас жолының 1206 шақырымында орын алған.
«Полицейлер мерт болған адамның 59 жастағы Астана қаласының тұрғыны екенін анықтады. Ер адамды көлік басып кеткен. Қазіргі кезде, аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оған қоса, арнайы іздеу тобы құрылып, бейнебақылау камераларының жазбалары тексерілуде және куәгерлер анықталу үстінде.
Сонымен қатар, Аршалы ауданымен қатар, облыстың көрші аудандары және Астана қаласы аумағында аталған адамның өліміне себепші көлік жүргізушісі іздестірілуде», деп көрсетілген хабарламада.
Полицейлер аталған жол-көлік оқиғасына қатысты қандай да бір ақпарат білетін адамдар болса, арнайы «102» телефон нөміріне хабарласуын сұрайды.