Ақмола облысында жемқорлыққа қарсы мəдениет қалыптастыру марафоны жалғасуда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жемқорлыққа қарсы мəдениет қалыптастыру бойынша марафон өтуде, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Шара аясында Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет жəне жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаментінің басқарма басшысы Мəлік Ахметқалиев бастаған жемқорлыққа қарсы "Парасыз келешек" мобильдік тобының мүшелері жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро, өңірлік кəсіпкерлер палатасының өкілдері Зеренді ауданындағы Садовое ауылының тұрғындары жəне "Көкшетау жылу" коммуналдық кəсіпорнының ұжымымен кездесті.

Кездесуде жемқорлықтың мемлекет пен қоғамға келтіретін залалдары айтылып, түсіндірілді. Сондай-ақ, жылжымалы қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, тұрғындарға жемқорлықты алдын алу жəне жолын кесу туралы жадынама таратылды.

"Жемқорлық бүгінгі қоғамды дендеген кеселдердің бірі. Оны түбегейлі жою үшін барлығымыз бірлесіп əрекет етуіміз керек", деді Мəлік Ахметқалиев.