Ақмола облысында жол апаты болып, көлікте әйел қысылып қалған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында үш көлік соқтығысып, салдарынан жолаушылардың бірі машинада қысылып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 желтоқсан күні «Алматы-Екатеринбор» тасжолының 1066-шы шақырымында жол апаты болып, үш жеңіл көлік зардап шеккен.

«Жол апаты кезінде көліктердің біріне қатты зақым келді. Көліктің ішінде отырған әйел өз бетінше шыға алмады, апатты-құтқару жұмыстарын жүргізу қажет болды. Құтқару жұмыстарына Астрахан ауданындық ТЖБ өрт сөндіру бөлімінің күштері жұмылдырылды», - деді ведомстводан.

Құтқарушылардың жедел іс-қимылының нәтижесінде әйел көліктен шығарылып, медициналық көмек көрсету үшін аудандық ауруханаға жіберілді.

Осы ретте, ақмолалық құтқарушылар өңір тұрғындарына жолға шыққанда мұқият болуды және жылдамдық режимін сақтауды еске салады.