Ақмола облысында жол апатынан 9 жасар қыз көз жұмды
Ведомствоның мәліметінше, жол апаты Целиноград ауданы аумағында «Астана-Қорғалжын» тасжолының 54 шақырымында болған.
Анықталғандай, Қорғалжын бағытында жүріп бара жатқан ВАЗ-2115 көлігінің жүргізушісі (Астана қаласының 38 жастағы тұрғыны) рульге ие бола алмай көлік жолдың шетіндегі жыраға аударылған. Жол апатынан алған дене жарақатынан 9 жасар қыз Целиноград аудандық ауруханасында көз жұмды.
«Осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы «көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Сараптама тағайындалды», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында көлік қаққан жасөспірім ауруханаға түскенін жазған едік.