Ақмола облысында жолда қалған 210 адам эвакуацияланды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ауа райының нашарлауынан автожолдардың жабылуына байланысты Ақмола облысының бірнеше ауданында жолда қалған 210 адам, оның ішінде 25 бала эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, апта ішінде Ақмола облысында республикалық маңызы бар автожолдардың 20 учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалысты шектеу енгізілді.

«Мысалы, Атбасар ауданында – 58 адам, Жарқайың ауданында – 47 адам, оның ішінде 8 бала, Жақсы ауданында – 73 адам, оның ішінде 12 бала, Есіл ауданында – 20 адам, оның ішінде 5 бала және Сандықтау ауданында 12 адам құтқарылды. Барлық эвакуацияланғандар арасында жарақат алғандар мен зардап шеккендер жоқ», - деді ведомстводан.

Сонымен қатар, қар құрсауында қалған автокөліктерден 8 адам құтқарылды, оның ішінде 1 бала бар. Құтқарылғандар тұрғылықты жеріне жеткізілді.