Ведомствоның мәліметінше, «Аudi 80» көлігінің жүргізушісі жеңіл деңгейде алкогольдік масаң күйде болған. Ол теміржол өткелінде жабық тұрған шлагбаум мен тоқтау туралы дыбысты елемей, жүріп келе жатқан жүк пойызының алдына шығып кеткен.
«Жеңіл көлік ішінде жүргізушіден бөлек, екі жолаушы болды. Қазіргі кезде, түрлі дене жарақатымен 67 жастағы әйел ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар, көлік иесіне де залал келді. 35 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚбК 608-бабының 3-бөлігі (тұлғаның ЖКО жасауы, көлік құралын басқару кезінде алкогольдік масаң күйде болу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылатын болады. Аталмыш баптың санкциясы көлік басқару құқығын 5 жылға дейін айыруды қарастырады», - деп түсіндірді ведомстводан.
Еске сала кетейік, Ақмола облысының Шортанды ауданында теміржол өткелінде жеңіл көлік пен жүк пойызының локомотиві соқтығысқан болатын.