Ақмола облысында жұмыс орындарының картасы жасалды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықтың табысын өсіру үшін 2022-2025 жылдарға арналған жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы қалыптастырылып, бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық саясат басқармасына сілтеме жасап.

Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, Ұлттық жобалар мен өңірді дамыту жоспары аясында 10 мыңнан астам, оның ішінде 2,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда.

«Құжаттың басты міндеттерінің бірі жұмыс орындарын құру ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру болып табылады. Бүгінде қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету басым бағыт болып табылады. Биыл Ақмола облысында жеке бастамаларды ескере отырып, 17649 орын құру қажет», - деп атап өтті ведомстводан.

Еңбек нарығының нақты көрінісін көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа жоба бойынша барлық деректер «жұмыс орындарын құрудың интеграциялық картасы» ақпараттық жүйесінде жинақталған. Осы ақпараттық жүйе жиынтық нысандар мен есептілікті әзірлеу мүмкіндігімен өңірлер бөлінісінде ауылдық елді мекендерге, мемлекеттік бағдарламаларға, шағын және орта бизнеске, жобаларға, кәсіпорындарға, экономика салаларына мониторингті жүзеге асырады.

Сондай-ақ, өңірлік карта тілек білдірушілерге қайта мамандануға және еңбек қызметінің жаңа салаларын игеруге мүмкіндік береді. Ол үшін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде «Бастау бизнес» жобасы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен және кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 1844 адамды қамту жоспарлануда.

Жалпы, өңір бойынша 596,7 миллион теңге сомасына 487 мемлекеттік грант бөлінді. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 2101 адам қамтылатын болады.