Ақмола облысында жыл басынан 9 бала сальмонеллезбен ауырды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 2021 жылы Ақмола облысында сальмонеллез инфекциясының 35 жағдайы тіркелді. Ал 2022 жылдың басынан бері сырқаттың 9 жағдайы анықталды, олардың барлығы 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Светлана Данчева сальмонеллез ауруы және оны жұқтырудың алдын алу туралы айтып берді. Оның сөзінше, 2021 жылдың өткен кезеңінде Ақмола облысында қоғамдық тамақтану объектілеріне қатысы жоқ сальмонеллез инфекциясының 35 жағдайы расталды. Басым көпшілігі – 26 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Ең көп саны Көкшетау қаласында (16) анықталды. Сондай-ақ Степногор (8), Бурабай (7), Астрахан (2), Целиноград (1) және Біржан сал (1) аудандарында тіркелді.

«2021 жылы Ақмола облысында сальмонеллез инфекциясының 35 жағдайы тіркелді. Ал 2022 жылдың басынан бері аурудың 9 жағдайы анықталды, оның 7-уі Көкшетауда, 2-уі Степногор қаласында. Науқастардың барлығы 14 жасқа дейінгі балалар. Аурудың барлық жағдайлары жеке сипатқа ие», - дейді С.Данчева.

Бас маман атап өткендей, сальмонеллез – бұл адам ағзасына жануарлардан алынатын тамақ өнімдерімен түсетін Salmonella тектес бактериялар тудыратын жіті инфекциялық ауру. Ол асимптоматикалық тасымалдаудан бастап ауыр септикалық формаларға дейінгі әртүрлі клиникалық көріністермен сипатталады.

«Аурудың белгілері айқын көрінуі немесе көрінбеуі мүмкін. Алайда, көп жағдайда қызба, жалпы әлсіздік, бас ауруы, жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, іштің өтуі байқалады. Сырқаттың ауыр ағымында дегидратация, бауыр мен көкбауырдың ұлғаюы байқалады. Бүйрек жеткіліксіздігінің дамуы мүмкін. Бұл жағдайда шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну қажет. Көбінесе ауру жедел гастрит, гастроэнтерит немесе гастроэнтероколит түрінде болады», - деп толықтырды С.Данчева.

Осы ретте, ол қолды сабынмен уақтылы және мұқият жууға, рұқсат етілмеген сауда орындарында немесе қолдан азық-түлік сатып алмауға, күмәнді сапада, өткізу мерзімі өтіп кеткен, стерильді ыдысқа буып-түйілмеген қайнатылмаған сүт ішпеуге, сондай-ақ шикі және дайын тамақ өнімдерін бөлек ұстауға кеңес береді.