Ақмола облысында жыл басынан бері 2240 адам көлік жүргізу құқығынан айырылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жыл басынан бері 2240 мас жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, осы күні жол апаты көбіне жүргізушілердің мас күйінде рөлге отыруынан болып отыр. Мас жүргізуші өзінің ғана емес, жол қозғаласындағы өзге де адамдардың өміріне қауіп туғызады. Статистикалық деректерге қарағанда, 2017 жылдың 10 айында облыс бойынша мас жүргізушілердің кесірінен болған 22 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Одан 10 адам ажал құшып, 33 зардап шеккен.

Осы аралықта облыс полицейлері алкогольдік ішімдік ішіп, көлік жүргізудің 2575 жағдайын анықтады. Сондай-ақ Оның ішінде 335 мас көлік жүргізушісі қамауға алынып, 2240 адам көлік жүргізу құқынан айырылды.

«...Соңғы демалыс күндері тәртіп сақшылары 39 мас жүргізушіні ұстады. Сол себепті, біз тағы да көлік жүргізушілеріне жол-көлік оқиғасы ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылатынын ескертеміз. Мас жүргізуші көрген адамдар болса, бірден «102» арнайы телефон нөміріне хабарласуына болады», - деп атап өтті Ақмола облысы бойынша жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Серік Баймұқанов.

Облыс аумағында жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында апта сайын «Мас жүргізуші», «Ауыл жолы» және «Қауіпсіз жол» тәрізді жедел-алдын алу шаралары өткізіліп тұрады.