Ведомствоның мәліметінше, жыл сайын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қызметінің беделін арттыру және ынталандыру үшін өңір кәсіпкерлерінің арасында үздіктерін анықтау бойынша байқау ұйымдастырылады.
«Биылғы жылы байқауға құжаттарды тапсыру қазанның 29-ы мен қарашаның 29-ы аралығына жоспарланып отыр. Байқауға қатысу үшін электронды пошта, пошта немесе өзінің құзырлы өкілі арқылы белгіленген формада БАҚ немесе кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының интернет-ресурстарында жарияланған байқау құжаттарын тапсыруға болады. Мерзімі өтіп кетсе, өтініш қабылданбайды. Байқау материалдарын арнайы құрылған комиссия қарап, жеңімпаздарды анықтайтын болады», - дейді ведомстводан.
Байқау жеңімпаздары «Үздік әйел кәсіпкер», «Үздік жас кәсіпкер», «Үздік инновациялық жоба» және «Үздік стартап» аталымы бойынша анықталады. Өткен жылы байқауға 4 аталым бойынша 16 өтініш түсті.
Оның қорытындысында Қорғалжын ауданындағы «ЗЕРЕ» ЖК, сондай-ақ «BIOTRONGROUP» ЖШС, «Михайлова Татьяна Владиславовна» ЖК және Степногор қаласындағы «Мастерская Дерева Два Бобра» ЖК жеңімпаз атанды.