Ақмола облысында жылына 3 мың тонна құс етін өндіретін жаңа жоба жүзеге асырылмақ
Ақмола облысы, Астрахан ауданында жылына 3 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы ашылмақ. Аумағы алты гектарлық фабрикада үш құс өсіру корпусы, инкубатор, жемазық қоймасы мен қасапхана салынған. Цехтарға су құбыры, электр желілері тартылып, дербес трансформатор мен электр генераторлары, газгольдер орнатылып, сынақтан өткізілген. Заманауи қондырғылармен жарақтандырылған өндіріс орнында алдағы бірер аптада-ақ жұмыртқа жеткізіліп, құс өсіріле бастайды. Құны 500 млн. теңге тұратын бұл жоба мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асырылды. Ал мемлекеттік «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасына сәйкес мұндағы инфрақұрылым қалпына келтірілген.
«Жаңа өндіріс орны іске қосылғанда ауылдың 50 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылады. Болашақта өнім өткізуге байланысты, мәселе туындамайды», - дейді фабрика басшылығы.
Қазірден бастап, осы тұрғыда астаналық кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастық келісімшарттары жасалған.