Ақмола облысындағы ауылда хоккей корты ашылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Аршалы ауданындағы ауылдарда ҚР Тәуелсіздігі күніне тарту ретінде жаңа хоккей корты, наубайхана және дүкен ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аудан әкімдігіне сілтеме жасап.

Халық арасында «жасыл» ауыл атанып кеткен Арнасай ауылдық округінде ашылған жаңа спорт нысанын «Гутяр» және «Агроритм» шаруа қожалықтары бірлесіп салған. Ол үшін қожалық басшылары 3,400 миллион теңге көлемінде демеушілік қаржы жұмсаған. Заманауи хоккей кортында спортшылардың киім ауыстыратын жылы орны да бар.

Ал Волгодоновка ауылдық округінде «Қойгелді Астық» серіктестігі айына 10 мың нан пісіретін наубайхана мен азық-түлік дүкенін ашты. Наубайханада нанның 10 түрі пісіріледі.

«Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Талғат Мұханбеджанов халықты жоғары сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз ету басты мақсат екенін атап өтті. Сонымен қатар, ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріліп отырған нан зауытының жұмысына сәттілік тіледі», - деді аудан әкімдігінен.