Ақмола облысындағы екі ауруханада оттегі стансасы орнатылады

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысындағы ауруханаларға бірден барлық пациентке оттегі бере алатын қондырғы орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

COVID-19 баспасөз орталығының мәліметінше, оттегі беретін екі стансаны орнату үшін жеткізушілермен келісімшарт жасалған. Олардың бірі Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығына, ал екіншісі – Аршалы аудандық ауруханасына орнатылады. Осындай арнайы жүйе Көпсалалы облыстық аурухананың провизорлық стационарында да ұйымдастырылады.

Тері-венерология диспансерінде ашылған Көпсалалы облыстық аурухананың провизорлық стационарында оттегімен жабдықтау жүйесін жақсарту жоспарланған. Әзірге мұнда оттегі баллондарынан құралған қондырғы жұмыс істеп жатыр.

«Енді ылғал газ пациентке құбырлар арқылы барады. Облыс әкімінің қолдауымен қондырғыны жаңарту және аурухананы оттегімен жабдықтауға қосымша қаражат бөлінген», - деп баяндады КОА бас дәрігері Нұрлан Жаров.

Бұдан басқа, облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақытта 15 өкпені жасанды желдету аппараты, 1 мың пульсоксиметр, 100 оттегі концентраторы және 50 оттегі баллонын сатып алады, олардың барлығы өңірдегі ауруханаларға таратылады.

Айта кетейік, медициналық мекемелерге қайырымдылық қорлар мен меценаттардың қаражатына сатып алынған жабдықтар әлі де жеткізіліп жатыр. Бүгінде аурухана, стационар мен емханаларға демеушілердің қаражаты есебінен жүзден астам оттегі концентраторы, 500 оттегі баллоны жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар