«Ақмола облысында 14 сәуірден бастап Астрахан ауданы Старый Колутон ауылының маңында орналасқан Қалқұтан өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі байқалды», - делінген ҚР ІІМ ТЖ комитеті баспасөз қызметінің мәліметінде.
Сонымен қатар, Жабай өзеніндегі су деңгейі 50 см төмендегені байқалды (Атбасар қаласының автомобиль көпірі ауданында нақты деңгейі - 2,9 м, қауіпті шебі-3,45 м). ТЖ департаменті, полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдарының өкілдері су деңгейінің қауіпсіздігін бақылауға байланысты тиісті кезекшілікті атқаруда.
Солтүстік Қазақстан облысының аумағында реттелмейтін Сергеев су қоймасы орналасқан, оның нақты көлемі 883,7 млн текше метрді құрады. Көктемгі су тасқынына байланысты 2 сәуірден бастап Есіл өзені жайылмасының төменгі жағында орналасқан осы гидротехникалық құрылыстың бөгет қырынан судың асып төгілуі байқалды. Бүгінде судың тасуы деңгейі біртіндеп төмендеп келеді.
Петропавл су қоймасының нақты көлемі 28,12 млн текше метр, тасқын суы осы гидротехникалық құрылыс арқылы транзиттік режимде өтеді.
«Облыстың барлық гидротехникалық нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Осы объектілерде тәулік бойы «Қазсушар» РМК мамандары, полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Бұл объектілер жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің тұрақты бақылауында», - деп аталып өткен комитет хабарламасында.
Су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуі мақсатында ТЖК аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, еліміздің су тасқыны қаупі бар аймақтарында тәулік бойы мониторинг жүргізу және тасқын сулардың қауіпсіз өтуі бойынша алдын алу іс-шараларын ұйымдастырды. Бұл су тасқыны жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Осы жұмыстарға өрт сөндірушілер мен құтқарушылар, облыстық ТЖД--ның инспекторлық және жеке құрамы жұмылдырылады.
Атап айтқанда, биыл 163,855 шақырым қорғау бөгеттеріне құрылыс-жөндеу жұмыстары, су тасқыны қаупі бар өзен арналарында жағалауды нығайту, түбін тереңдету және түзету, сондай-ақ 192,4 шақырым су бұру арналарын орнату, мұзды қопсыту бойынша жұмыстар жүргізілді. Өзендерде жарылғыш заттарды пайдалана отырып, 236 жару жұмыстары атқарылды.