Ақмола облысының 3 ауданында жаңа пәтерлер пайдалануға берілді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тəуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақмола облысының 3 ауданында жаңа пәтердің кілттері табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жолы Жақсы ауданының орталығында 18 пəтердің кілті тапсырылды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйден 1-2 топтағы мүгедектер, толық емес отбасылар, әлеуметтік жағдайы төмен, зейнеткерлер мен жетімдер баспаналы болды.
Қуанышты шараға аудан əкімі Қанат Сүйіндіков қатысып, жаңа пəтер иелерін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жəне баспана қуаныштарымен құттықтады.

Осындай мерекелік тарту Сандықтау жəне Аршалы аудандарында да орын алды. Сандықтау ауданындағы «Свободное» ЖШС серіктестігінің директоры Александр Закусилов жұмысшыларына 10 пәтердің кілтін тапсырып, қуаныш сыйлады.
Серіктестік бизнестің əлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде екі пəтерлі бес үй тұрғызған.
Ал, Аршалы селосында аудан әкімі Азамат Тайжановтың қатысуымен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жаңа 45 пəтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұнда жаңа пəтер кілтіне үй кезегінде тұрған азаматтар ие болды.