Тыл еңбеккері Сәлима Әлиева қазір 105 жаста. Қарияның айтуынша, соғыс жылдарында тылда тынымсыз еңбек етіп, сол өмірдің ауыртпалығы мен қиындықтарын көрген.
Жұбайы 1941 жылы соғысқа аттанып, Сталинград, Будапешт қалаларында жауға қарсы ұрысқа қатысты. Кейін соғыс аяқталған соң 1944 жылы елге оралды. Екеуі балаларын өсіріп, тәрбиеледі. 1994 жылы жары дүниеден өтті. Бүгінгі күні Сәлима Баязитқызы немерелері мен шөберелерінің қызығын көріп отыр. Кейуана жасы ғасырдан асса да, әлі тың тылда сіңірген еңбегі үшін алған наградалар мен «Алтын алқа» медалін мақтанышпен омырауына тағып алады.
Бүгінде ақжаулықты әже Көкшетауда жиен немересі Ғадылжан мен келіні Назгүл қолында тұрады. Жалпы, қария осы күні 23 немереден 25 шөбере сүйіп отыр.
Кездесу барысында аймақ басшысы тәуелсіздік жылдарындағы барлық жетістіктер соғыс және тыл ардагерлерінің лайықты ерлігі мен еңбегінің арқасында алынғанын атап өтті.
«Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесінде көп жылдық адал еңбегіңіз үшін, тәжірибеңіз бен мейірімділігіңіз үшін Сізге мың алғыс айтамын! Наурыз мерекесі жетістік, молшылық пен татулық әкелсін. Әркез ортамызда аман отырғайсыз. Шаңырағыңызға ырыздық пен береке нұры шалқысын», - деді Ермек Маржықпаев.
Өз кезегінде, тыл еңбеккері аймақ басшылығына көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдіріп, отанымызға бейбіт аспан мен бақытты өмір тіледі.
Сондай-ақ, осы күні облыс әкімі қарттар мен мүгедектерге арналған «Үміт Шаңырақ» пансионатына барып, Наурыз мейрамымен құттықтады.