Ақмола облысының әкімі Астана маңындағы ауылдарда заңсыз жер телімдеріне қатысты түсініктеме берді (ФОТО)

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкім Сергей Кулагин Астананың іргесіндегі елді мекендерде заңсыз жер телімдерін иелену мәселесі бойынша жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» тілшісі.

Целиноград ауданының Тайтөбе ауылында өткен кездесуде аймақ басшысы заңсыз жер иеленушілердің арасында алданып, біреуден жер телімін ақшаға сатып алған тұрғындардың кінәсі жоқтығын және бұл бағытта құрылған жұмыс тобы мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында тексеріс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Мен әу бастан-ақ адал жолмен қаржысын төлеп жер сатып алған тұрғындардың ешқандай кінәсі жоқ екенін айтқан болатынмын. Бүгінгі күні менің өтінішіммен құқық қорғау органдары тарапынан барлық тексерулер уақытша тоқтатылды. Алдағы уақытта біз мұны егжей-тегжей талдап, әрбір өтінішке жеке қарайтын боламыз. Соған сай нақты шешім шығарылатын болады. Кейбір жер телімдеріне қатысты істер тек сот арқылы ғана шешілетін болады. Бұған әрине біраз уақыт керек. Сондықтан, сіздерді сабырға шақырамын. Қазіргі кезде, жұмыс алгоритімі жасалынып, жер пайдаланушылардың мәліметтер базасы бір жүйеге келтірілуде. Естеріңізде болса, осыған ұқсас жағдай Қоянды ауылында да болды. Бүгінгі күні біз ондағы жағдайды да біртіндеп шешудеміз», деді С.Кулагин өз сөзінде.

Атап өту керек, Целиноград ауданы бойынша заңсыз жер телімдерін иеленген барлығы 570 оқиға тіркелеген. Оның 270-і Қосшы және Талапкер ауылдарына тиесілі болып отыр. Ал, осыған дейін Қоянды ауылында анықталған 195 заңсыз жер телімін иелену оқиғасының бүгінгі таңда 15 қаралу үстінде. Қалғандары толық шешімін тапқан.