Ақмола облысының әкімі субсидия алушыларды қатаң сынға алды

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі астық бітік шығатын  Есіл, Жақсы және Жарқайың аудандарында болып, егін орағы жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы аталмыш аудандардың активтерімен кездесіп, күзгі егін орағы науқанын ойдағыдай өткізу, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселелерін талқылады. Осы ретте, облыс басшысы мемлекеттен бөлініп отырған қаржылай көмек пен сенімді ақтай алмай отырған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысын қатаң сынады. Әсіресе, биылғы жылы 29 миллиардтан астам теңге қаржы бөлінген аталмыш аудандардың ауыл шаруашылығы құрылымдарының салық түсімінің көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Жиында осы қалыптасып отырған жағдайды өзгертіп, тығырықтан шығу жөнінде әңгіме өрбіді.

«Бүгінгі таңда бірқатар аудандарда қарама-қарсы жағдай орын алып отырған жайы бар. Көптеген ауыл шаруашылығы кәсіпорындары ірі көлемде субсидия алып отырып, мардымсыз салық төлеуде.  Мәселен, Есіл ауданындағы «Әліби-Есіл» ЖШС 250 миллион теңге көлемінде субсидия алса, оның 3,5 пайызын ғана салыққа төлеген. Кәсіпорында барлығы 17 адам жұмыс істейді. Сонда олар бар-жоғы 19 мың теңге айлық ала отырып, барлығы 31 мың гектар егістік алқап пен жайлымды өңдейді. Ал, 19  мың гектар жері бар «Московское» ЖШС бірде бір жұмысшы жоқ. 36  мың гектар жері бар «Жаңа Жер агрофирмасы» ЖШС де осындай жағдай.  Есіл ауданында мұндай кәсіпорындар саны 16-ға жетеді.  Оған қоса, еңбекақы қоры нөл, бірлі-екілі жұмысшысы бар шаруашылықтар да кездеседі», - деді М.Мырзалин.

Аймақ басшысының айтуынша, мемлекет бюджетіне салық төлеуде айтарлықтай проблемалар бар. Көптеген шаруашылықтар мемлекеттен мол субсидия алғанына қарамастан, салық төлеуден төмен көрсеткіш көрсетіп отыр.

Мәселен, Есіл ауданындағы  «Виктория» ШҚ, «Компания Орион плюс» ЖШС, «Қаракөл АШК» ЖШС, Жақсы ауданында  «Алтын» ШҚ, «Подгорное 1» ЖШС, «Запорожье» ЖШС және Жарқайың ауданында  «АТА 1» ШҚ, «Жаркаинская Нива» ЖШС, «Темірлан» ЖШС алған субсидияларының 0,4-15 пайызын ғана салық ретінде төлеген.

Бұдан бір ғана шешім шығаруға болады. Яғни, бұл кәсіпорындар жұмысшыларды заңсыз жалдау арқылы ҚР қолданыстағы заңнамасынан тыс заңсыз жалақы төлеп келген. «Көлеңкедегі» еңбекақыдан салық және өзге де төлемдер түспеуінен бюджетке шығын келтіріледі, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру, зейнетақы және жәрдемақыларды өсіру қаражаты азаяды.

«Менің салық, еңбекақы және жерді тиімді пайдалану мәселелері бойынша  сұрақтарым бар. Біз қандай аудан қанша табыс табады, оларға республикалық және облыстық бюджеттен қалай көмектесу керек екенін қарастырамыз. Мен соңғы екі жылдағы сандарды салыстыра отырып, осындай нәтижені көріп отырмын. 2017 жылы аудандарға 476 миллион теңге мақсатты трансферттер бөлінсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 2,5 есеге артып, 1,2 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде өткен жылы облыстық бюджеттен 450 миллион теңге бөлінсе, биыл 760 миллион теңгеге жетті. Біз Есіл ауданына көмектесуге тырысамыз, соған орай аудан да облыс экономикасының дамуына өз үлестерін қосулары тиіс деп есептейміз. Өкінішке орай, жағдай олай болмай тұр. Тағы да ескертемін, егер мемлекет көмектессе, тиісінше оған да қайтарым болуы керек», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, кездесуде Ақмола облысының мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Т.Ошақбаев мемлекеттен бөлінген субсидияның мақсатсыз жұмсалуына да жол беріліп отырғандығын атап өтті.

Аймақ басшысы бұл мәселені шешу үшін қатаң шаралар қолданылатынын кесіп айтты.

«Біз мемлекеттік кірістер департаментімен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге салықтық міндеттемелерді орындау қажеттігі туралы түсіндіріп, ескерттік. Қазіргі кезде аудандағы барлық шаруашылық туралы мәлімет бар. Біз талдау жүргіздік және бұл бағытта табанды түрде жұмыс істейтін боламыз. Бұл міндеттерді аудан әкімдіктері мен мемлекеттік кірістер департаментіне бірлесіп орындауды тапсырамын. Салық көп болса, аудан абаттандырылып, инфрақұрылымы жақсаратынын әр адам түсінуі тиіс», - деді М.Мырзалин.

Аймақ басшысы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан үздік шаруашылықтарды да атап өтті. Бұлардың арасында Есіл ауданында «Қаракөл агрофирмасы» ЖШС, «Тней Агро» ЖШС, «Ново-Приречное» ЖШС, Жарқайын ауданында «Державинская агропромтехника» ЖШС, «Жер 1» ЖШС, «АБС Жаркөл» ЖШС»,  Жақсы ауданында «Жаңа Жол» ЖШС, «Золотая Нива» ЖШС, «Айбат» ЖШС және «Түгел-С» ЖШС бар.

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты тұлғаларға салық төлеуге енжар қарайтын кәсіпорындарды анықтауды және тиісінше қатаң шара қолдануды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар