Аймақ басшысы алдымен «Химик» ЖШС-ның егістік алқабында болып, астықтың шығымын байқап көрді. Сондай-ақ, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесіп, диқан қауымын толғандырған сауалдарына құлақ түрді.
«Биылғы жылы егіннің шығымы жаман емес. Алдағы күндері ауа райы қолайлық танытса қоңыр күзде мол өнім алуға болады. Ол үшін даладағы астықты күтіп баптау шараларын осы бастан тиісті деңгейде жүргізу қажет», деді аймақ басшысы.
Одан әрі облыс әкімі «Зеренді астық қабылдау пункті» жауапкершілігі шектеулі серіктегінің жұмысына да назар аударды. Кәсіпорын басшысы Азамат Жарахметовтің айтуына қарағанда, осыдан он шақты жыл бұрын құрылған кәсіпорында осы күні сағатына 200 тонна бидай тазартылып, кептірілуде. Кәсіпорынның 6 бірлік техникасы мен сыйымдылығы 28 мың тонна сегіз астық қоймасы бар. Оның ішінде 1460 тоннаға арналған канадалық «Твистер» фирмасының технологиялық қондырғысымен жабдықталған он қойма бар екенін айта кеткен жөн.
Оған қоса 2011 жылы «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде құны 233,9 миллион теңгеге көлемі 14,6 мың тонна астықты кептіріп, сақтайтын желісі бар астық қоймасы салынды. Осының арқасында тұрақты жаңа 20 жұмыс орны ашылды.
Кәсіпорын жұмысына он бағасын берген аймақ басшысы астықты ауданның күзгі жиын-терімге дайын болуын атап өтті.
Осы күні Айдабол спирт зауыты да назарада тыс қалған жоқ. Бүгінгі таңда зауытта «эсктра», «люкс» класты этилл спирті өндіріледі. Кәсіпорын басшысы Әлмұрат Қалыбаевтың сөзіне қарағанда зауыттың тәулігіне 2 мың декалитр, жылына 600 мың декалитр спирт өндіруге жетеді. Зауытта өткен жылы 502,8 милллион теңгенің өнімі шығарылса, биылғы жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 412,3 миллион теңгеге жетіп отыр.
Сонымен қатар, кәсіпорынмен бизнестің әлеуметтік серіктестігі шеңберінде 2015 жылы қыс айларында Айдабол ауылының жолдарын қардан тазартып отыруға, сумен қамтамасыз етуге, осындағы орта мектеп пен «Қуаныш» және «Балдырған» балабақшаларын жылумен қамтамасыз мақсатында 12 миллион теңгеге меморандумға қол қойылды. Кәсіпорын бұл бағытта өзіне жүктелеген міндеттерді ойдағыдай орындауда.