Ақмола облысының Бөрлі орман шаруашылығында болған өрт сөндірілді

None
АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - 2 қазан күні Ақмола облысына қарасты Отрадный орман мекемесінің Бөрлі орман шаруашылығында болған өрт бүгін сағат 12:40-та сөндірілді.

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, мемлекеттік орман қорының жалын шарпыған ауданы 181 гектарды құрады, соның ішінде 30 гектары - орманды алқап.

Өртті сөндіруге Отрадный, Ұрымқай және Ақкөл орман мекемелерінің, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жұмысшылары мен техникасы, Бұланды және Бурабай аудандарының өрт сөндіру қызметтері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Өртті сөндіру үшін 234 адам, 44 техника бірлігі және 1 тікұшақ қатыстырылды.

Оқиға себептерін және келтірілген материалдық шығынды анықтау мақсатында Ақмола облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясы Ақмола облыстық өртке қарсы қызметі органдарымен бірлесе отырып, қызметтік тергеу жүргізеді.