Ақмола облысының Целиноград ауданына ТЖД-ның қосымша күштері аттанды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Су тасқынына қарсы іс-шара барысында жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсету үшін Целиноград ауданына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді.

Жақында Атбасар ауданына аттанатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, жергілікті билік көктемгі кезеңнен қауіпсіз өту үшін барлық шараларды қабылдап жатқанына қарамастан, кейбір елді мекендерде, әсіресе, елорда маңында су басу қаупі сақталуда.

«Бүгін ТЖД қызметкерлері мен техникасы Целиноград ауданында шұғыл апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жіберілді. Оның құрамында 66 адам, 16 техника және 10 мотопомпа бар», – деді Ақмола облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.

Айта кету керек, су тасқыны жағдайы нашарлаған кезде құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялауды жүзеге асырады. Ол үшін эвакуацияланушыларды қабылдайтын 222 негізгі пункт, 71 резервтік пункт, мал айдауға арналған 98 орын дайындалды. Сондай-ақ 2 733 адам, 1 292 бірлік техника, 59 жүзу құралдары, 248 мотопомпа даярланды. 353,5 тонна жанар-жағар май, 15 480 тонна инертті материалдар, 93 941 дана қап әзірленді.