Ақмола облысының экспорттық әлеуеті артып келеді
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспановтың мәліметінше, биылғы жылдың 8 айында экспорттың жалпы көлемі өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 15,4 пайызға артып, 305 миллион теңгені құрады. 2020 жылғы қаңтар-тамызда шикізаттық емес экспорт 123,8 миллион теңге болды. Облыс экспортының жалпы көлеміндегі шикізаттық емес экспорттың үлесі 40,6 пайызды құрады.
«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында ерекше назар аударған жұмысының маңызды бағыттарының бірі - экспортты дамыту. Шет елдермен сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту басым міндеттердің бірі болып табылады. Экспорт әлемнің 26 елінде жүзеге асырылады, олардың ішінде Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь Республикасы сияқты мемлекеттер облыс үшін жоғары экспорттық қызығушылық тудырады», - деп атап өтті ведомство басшысы.
Облыста подшипниктер, ұн, ет және сүт өнімдері, тауық жұмыртқасы, өсімдік майы, сусындар, полиэтилен мен полипропиленнен жасалған қаптар, авиациялық бұйымдар өндіретін 50-ге жуық экспорттаушы компания жұмыс істейді.
Жақын арада экспортқа бағдарланған жаңа өндірістер-қуаты сағатына 18 тонна құрама жем зауыты, қуаты жылына 50 мың тонна құс фабрикасы және «UnicornHoldingsLtd» ЧК қуаты жылына 50 мың тонна шошқа кешені іске қосылады.
Целиноград ауданында «AquaFactoria» ЖШС-де жылдық қуаты 5000 килограмм бекіре уылдырығын шығаратын және «TAGA Group» ЖШС-де жылдық қуаты 500 тонна форель өндіретін фермалар бар.