Ақмола облысының Қосшы ауылында жаңа балабақша ашылды

None
АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - 280 орындыққа есептелген жаңа балабақша Ақмола облысының Қосшы ауылында ашылды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Құрылысы былтыр басталған екі қабатты ғимарат заманауи талаптарға жауап береді. Оны тұрғызу үшін республикалық бюджеттен 500 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Сөйтіп Қосшы ауылының балалары да, ата-аналары да бір жасап қалды. Олардың осы қуанышын бірге бөлісуге Целиноград ауданының әкімі де арнайы келді. Бақберген Мәуленов: «Ауданды мектепке дейінгі білім және тәрбие беретін орындармен қамтамасыз ету жағы 98 пайызға шешілді», - дейді. Дәл мұндай балабақша бұрын бұл ауылда болмаған. Су жаңа ғимарат, тіпті қаладағы балабақшалардан артық болмаса, кем емес. Жылу жүйесі мен суы орталықтандырылған, кәріз жүйесіне қосылған. Бүгіннен бастап пайдалануға берілген балабақша ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға да септігін тигізіп отыр. Тәрбиешілер мұнда балаларды екі тілде тәрбиелейді. Қызметкерлердің айтуынша, заманауи тәрбие ошағында 12 топ болады.