Ақмола облысының Краснояр ауылы «су астында қалды»

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында өткен «Көктем-2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында төтенше жағдайларды жою кезінде басқарма органдары мен мемлекеттік азаматтық қорғаныс күштерінің дайындығы тексеріліп, алгоритмі пысықталды,  деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Көктемгі су тасқыны салдарынан туындайтын төтенше жағдайлардың зардабын жою кезінде іс-қимыл және азаматтық қорғаныс жүйесінің дайындығын анықтау мақсатында ұйымдастырылған шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Жанболат Смайылов және жергілікті атқарушы органдар, ҚР ІІД ТЖК өңірлік бөлімшелері және азаматтық қорғаныс құрылымдары тартылды.

Аталған шаралар Ақмола облысының әр ауданында қолға алынды. Соның бірі - облыс орталығының іргесінде орналасқан Краснояр селосындағы Шағалалы су қоймасында өтті. Оған 287 адам, 92 техника жəне 4 жүзу құралы жұмылдырылды.

Арнайы-тактикалық жаттығу жұмыстары барысында «су басқан аймақтардағы тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару», «өмірлік маңыздағы нысандардан шыққан өртті ауыздықтау», «өмірлік маңыздағы нысандарға келтірілген зараптарды жою»,  «су қоймаларында іздестіру- құтқару жұмыстарын жүргізу» тәрізді төтенше жағдайларды жою кезінде басқарма органдары мен мемлекеттік азаматтық қорғаныс күштерінің дайындығы тексеріліп, пысықталды.