Ақмола облысының полицейлері Наурыз мейрамы қарсаңында күшейтілген жұмыс режіміне көшуде

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Ақмола облысының полицейлері Наурыз мейрамы қарсаңында күшейтілген жұмыс режіміне көшуде. Бұл туралы өңірдің Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Осы мақсатта 14-18 наурыз аралығында «Құқықтық тәртіп» республикалық шұғыл-алдын алу іс-шарасы өткізілетін болады. Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін нақты іс-шараларды қолға алмақшы. Мәселен, халық көп шоғырланатын орындар мен көшелерде, көңіл көтеру мекемелері орналасқан аумақтарда сондай-ақ, базарлар, сауда орталықтары мен вокзалдарда кезекшілік бағыттар күшейтілетін болады. Полицейлер сонымен бірге, құрылыс нысандары, қараусыз қалған ғимараттар мен жер төлелерді, кәріз құдықтары мен үйлердің шатырларын жіті тексеріп шықпақ.

Одан бөлек, іздеуде тұрған көліктерді табу мақсатында гаражды аймақтар тексеріледі.

Баспасөз қызметінен атап өткендей, есірткілік, психотроптық заттардың аймаққа ену жолдарын кесу үшін денсаулық сақтау органдарының есірткіге қарсы қызметтерімен бірлесіп облыс пен аудан орталықтарындағы түңгі көңіл көтеру мекемелеріне рейдтер жүргізіледі.