Ақмола облысының полицейлері жоғалған бір үйір жылқыны тауып берді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысы тұрғынының бір үйір жылқысы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 3 желтоқсанда Аршалы аудандық ПБ кезекшілік бөліміне 26 жастағы жергілікті тұрғынынан арыз түскен.

Ер адамның айтуынша, 28 қарашада Жалтыркөл кенті маңында жайылып жүрген 24 жылқысы жоғалып кеткен.

«Жоғалған түлікті мал иесі өзі іздеп таппақшы болған. Алайда, ол әркетінен түк шықпаған соң, полициядан көмек сұрған. Бірнеше мобильді топқа бөлініп, жақын маңындағы аумақтарды сүзіп шыққан тәртіп сақшылары жоғалған жылқыларды Жібек жолы ауылы маңыннан тапты. Мал иесіне қайтарылды», - дейді ведомстводан.

Кейін жылқысы табылған ер адам полицейлерге алғыс айтып, видео жолдады.

Онда ол учаскелік инспектордың көмекшісі, кіші лейтенант Нұрболат Иосиф, учаскелік инспектордың көмекшісі, аға лейтенант Алмас Сәрсенов, полицияның учаскелік инспекторы, полиция майоры Бекзат Туляпов, учаскелік инспектор, полиция капитаны Дархан Қойшыбеков, аға учаскелік инспектор Серік Сыздықбайға жылқыларын табуға көмектескені үшін ризашылығын білдірген.