Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қару» жедел-алдын алу шарасы кезінде ақмолалық полицейлер Жолымбет кентінің 38 жастағы тұрғынынан 18 электр детонаторын тәркілеген.
«Сарапшының қорытындысына сәйкес, электр детонаторлары заряд тудыруға арналған және жару құралы болып табылады. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 287 бабының 3-бөлігі «жарылғыш заттарды заңсыз сақтау» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Қазіргі уақытта заттай дәлелдемелер тәркіленді», - деп атап өтті ведомстводан.
Еске сала кетейік, Ақмола облысында 17 мамыр мен 16 маусым аралығында «Қару» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Полиция қызметкерлері жеке қаруы бар азаматтарды тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ қызметтік қаруы бар күзет фирмаларын қаруды сақтау шарттарының, қаруды тіркеу (қайта тіркеу) мерзімінің сақталуы тұрғысынан тексереді.